Герой Советского Союза Кожабай Жазыков
Судьба Героя Советского Союза Кожабая Жазыкова удивительна. Учитель-историк по образованию, он сражался на Украинском и Юго-Западном фронтах, получил 7 ранений, служил образцом отваги и мужества. Был награжден двумя орденами Красной Звезды, орденом Славы 3-й степени, медалью «За отвагу». 28 апреля 1945 года ему было присвоено звание Героя Советского Союза.
К.Жазыков родился 4 октября 1920 года в ауле Коктубек Байганинского района в семье крестьянина-бедняка. Отец ушел из жизни рано, когда Кожабаю исполнился год, и воспитывали его мать и старший брат.
В начале 1942 года он был призван в ряды Красной Армии, прошел военную подготовку в городе Бугуруслане Привольжского военного округа. По окончании полковой школы попал дивизионный учебный батальон при 206-й стрелковой дивизии. Первое военное крещение и первое ранение на поле он получил 24 июля 1942 года в боях при защите Воронежа. После лечения в госпитале был распределен в разведывательную роту 25-й Гвардейской Краснознаменной стрелковой дивизии. С этого времени начинается путь разведчика К.Жазыкова.
Хронометрия подвигов К.Жазыкова удивляет даже порой опытных воинов: неизвестно, что руководило им при выполнении боевых задании: отчаянное безрассудство молодости или огромная жажда победы. На его счету более 100 «языков», давших ценные показания о группировке и замысле противника.
К.Жазыков участвовал в окружении и уничтожении Будапештской группировки противника. Враг упорно оборонял остров Сантендрей-сигет, севернее Будапешта, не давая возможности автотранспорту подбрасывать боеприпасы частям, наступающим на Будапешт. Противник имел связь через остров с окруженной группировкой в районе Будапешта и с главными силами, обороняющими правый берег реки Дунай. В ночь на 25 декабря 1944 года разведывательная группа под командованием К.Жазыкова бесшумно форсировала Дунай, прошла оборону противника и атаковала с тыла взвод вражеской пехоты. В результате короткой схватки 6 солдат противника во главе с командиром взвода были взяты в плен. 25 января 1945 года в боях за Будапешт он получил тяжелое ранение и вернулся к родному очагу.
Природа щедро наградила Кожабая личностными качествами: мужеством и целеустремленностью, стремлением к знаниям, науке. Тот факт, что в 1948 году руководство Актюбинского учительского института ходатайствовало перед Министерством просвещения КазССР о присуждении стипендии имени Сталина по результатам зимней сесии 1947-1948 учебного года студенту К.Жазыкову, подтверждает тезис о том, что талантливый человек талантлив во всем.
Герой прожил интересную и достойную жизнь, внес огромный вклад в развитие структуры образования и культуры Байганинского района. В 1982 году был похоронен в п.Байганин.
Земляки с благодарностью вспоминают о героическом прошлом солдата Жазыкова. В 1998 году решением Актюбинского городского маслихата подвиг разведчика-героя был увековечен: улицу Донскую переименовали в улицу имени Кожабая Жазыкова.
*****
«Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен» сонау Ұлы Отан соғысының сұрапыл шайқасын басынан түгел өткеріп, Кеңес Одағының Батыры атанған, соғыстан кейін бейбіт еңбекке белсене араласқан еліміздің ардақты азаматтарының бірі Қожабай Жазықов болатын.
Батырдың майдандағы жауынгерлік жолы 1942 жылдың наурызында Воронеж бағытында басталып, кейін Оңтүстік-Батыс, ІІ және ІІІ-Украин майдандарында зор абыроймен аяқталды. Оның жауынгерлік ерлік жолдарын баяндайтын құжаттарда Волчье деревнясы маңында (1942 ж.), Днепропетровск облысының Тегеловка деревнясында (1943 ж.), Яссы ауданында (1944 ж.) және Дунай өзеніндегі Сантендрей-Сигет аралын азат етуде (1944) күрделі де қиын, аса жауапты тапсырмаларды ерен ерлікпен орындап, жаудың жүздеген солдаттары мен офицерлерін тұтқынға алғандары көрсетілген. Қарапайым қазақ жігіті Қ.Жазықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы дұшпанның Будапештегі тобын қоршауға алып, оны жоюға белсене қатысқаны үшін 1945 жылдың 28 сәуірінде берілген.
Фашистер Венгрия астанасынан айрылмауға қолдан келген мүмкіндіктің бәрін төгіп тұр. Будапешттен жоғарырақ Вац қаласына таяу бекінген кеңес әскерлері орталықтағы Сантендрей-Сигет аралын жаудан босатса, ілгері басу мүмкіндігі бар. Бірақ немістер екі қала аралығында жолды үсті-үсті атқылап, шабуылға шыққан бөлімшелерге қару-жарақ жеткізуге мүмкіндік бермей тұр. Осы қиын сәтте шешуші тапсырма Қ.Жазықов бастаған топқа тапсырылады.
Желтоқсанның соңғы аптасы болғанымен, жер қара, өзен ені осы өңірде 800 метрдей. Өзен беті әбден қатқан жоқ, бөлек-бөлек сең кездеседі. Қос қайықпен шыққан Қожабай жігіттеріне оңай болған жоқ. Жағадан көрінген жау блиндажына екі жақтан бару үшін барлаушылар бөлініп, басқа барлаушылар қорғаныста қалды. Блиндажға жеткендердің бірқатары босағаға жетіп келіп, үш барлаушы ішке кіріп, жатқан немістерге қол көтертіп, тұтқынға алды. Міне, осыдан кейін барлаушылар шабуылға шығып, қолға түскендерін Қожабай штабқа айдатты. Вац-Будапешт аралығындағы жол немістерден тазартылып, кеңес әскерлеріне шабуылмен ілгері басу үшін қару-жарақ жеткізілді.
Өмірі ерлікке арналған Қожабай Жазықов соғыстан кейінгі жылдарда да азаматқа лайық жолдан өтіп, оның есімі тек қана халық үшін жасалған жақсылықпен бірге аталды. Батыр Қожабай мен ұстаз Қаншайымның биік шаңырағындағы бесіктен тәрбие алған ұрпағы Тамара, Балғали, Мақпал – отбасының дәстүрін жалғастырып, ұстаздық қызметін қаласа, инженер Темірғали мен дәрігер Лаура ата-ананың үйреткен жақсы істерін жалғастырып, көпшіліктен бата алып жүр.
Бүгінгі ұрпақ батыр есімін мақтанышпен еске алады және әрқашан қошемет көрсетеді. Бұл қошеметке ол әбден лайық. Батырдың есімімен Ақтөбе көшелерінің бірінің, ауыл мектебінің аталуы елін сүйген ер есімінің мәңгілік екенін білдіре түскендей.
*****
Лаура Жазықова
Батырдың қызы
Әке өнегесі
Ардақты әкем, Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың 90 жылдық мерейтойының Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен тұспа-тұс келуінде өзіндік мән-мағына бар сияқты. Ұлы Отан соғысының қан майданынан 25 жасында Батыр атанып елге оралған әкем, бейбіт заманда да туған жерін көркейтуге бар күш-жігерін жұмсады. Әр жылдары қызметтес, жолдас болған ел азаматтары оның сабырлы мінезі мен парасаттылығын ерекше атап айтып, «Иненің жасуындай да пендешілігі, күншілдігі жоқ, ары таза азамат күйінде өмірден өтті», «Жаны жайсаң, пейілі қазақтың кең даласындай еді» деп еске алады.
Балалық балғын шағымды еске алсам, алдымен Майтүбектегі үлкен, адамға толы үй, гүлге толы аула, толассыз келіп-кетіп жататын туыстар, көршілер, қызықты, мәнді де сәнді өмір көз алдыма келеді. Ата-анамыздың балалармен, көрші-көлеммен, тума-туыстармен қарым-қатынастарынан ерекше жылылықты сезіп өстік. Бізбен бірге папамның жеңгесі, менің сүйікті Мәлкен әжем, Серік ағам бір жанұя болып тұрдық, папамның бөлек шыққан інілері Бақтығали, Шопен ағамдарды да іздеген кісі әрқашан біздің үйден табатын. Көршілеріміз Еркін мен Беркін Құрманбековтардың мамасын «Бошай мама» деп өскен бала көңіл оларды шынымен туысымыз деп қабылдаған едік. Ал әкемнің қарындасы Жәния апа мен күйеу баласы Құраған ағаға деген көңілі тіпті ерекше екенін бала болсақ та байқамау мүмкін емес еді. Майтүбектегі үлкен үйдің қасынан салдырған жаз үйді баспана етіп әр жылдары, бірін-бірі ауыстыра, жаңа отау құрып, бөлек шыққан Жалғасбай аға, Сергей аға, Базарбай ағалардың отбасыларының тұрғаны да есімде қалыпты. Қазір ойлап отырсам, мұның барлығы бір жағынан әкеміздің жақындарына еткен қамқорлығы болса, екінші жағынан ұрпаққа берген үлкен тағылымы екен ғой.
Кім-кім де болса, ата-анадан алыста, туған үйінен жырақта жүрген кездері олардың аялы алақандарын аңсайтыны анық. Мен де әлі оң-солымды толық танып үлгермеген 11-12 жасымда Алматыға, папамның ақылымен, көрегендігімен білім іздеп жол тартқан едім. Республикаға танымал мектеп-интернатта оқыған жылдар мен үшін әрі қызықты, көп нәрсенің мәнісін ұқтырған жемісті, әрі сағыныш жылдары болғаны анық. Сабақтан бос кезімде, үйге хат жазып, қысқы және жазғы каникулдарды асыға күтетінмін. Міне, осы жылдары мен жырақта жүріп, әкемді жаңа қырынан тани түскендей болдым. Ол кісі балаларының мектеп қабырғасынан-ақ терең де жуйелі білім алып, адами қасиеттері, жауапкершілігі мол азамат болып қалыптасуын қалап қана қойған жоқ, өзі көп ықпал етті. Қай баласы қандай салаға икемді, нені жақсы көреді – соны игеріп кетуіне жағдай жасауға тырысты. Сирек басылымдарды почта арқылы жаздырып беріп отыратын. Іссапарлардан, демалыстан басқа ешнәрсе әкелмесе де, қызықты кітап, энциклопедияларды алып келуші еді. Осы баламнан жақсы маман шығады деп, әрқайсымыздың бейімімізге қарай, дәл болжап та отырушы еді. Балаларына жоғарғы оқу орындарын өз қалауымен таңдауларына мүмкіндік берді және сол таңдап алған мамандықтың қыр-сырын толық меңгерген, сауатты маман болғанымызды талап етті. Сондықтан да болар, Алматыда оқысам да, Ақтөбенің мединститутына түсіп, дәрігер болғым келеді дегенде, еш қарсылық білдірген жоқ – «Халық – күшті дәрігер деп саған емделуді аңсайтын болсын» деген-ді . Өкінішке орай, мединститутты аяқтап, қаладағы ірі емханалардың біріне дәрігер болып жаңа ғана жұмысқа орналасқан кезімде аяулы әкем 1982 жылы дүниеден өтті.
Өмірдің қиындығы мен қызығы қатар жүретін, талай бір белестерден тұратыны рас қой. Міне, осындай бір белестен өтіп, жаңа белеске аттаған тұста мені әрқашан әкемнің рухы қолдайтынын сеземін. Адам жанының арашашысы аталған дәрігер мамандығының қыр-сырына қанығып, учаскелік дәрігерден бас дәрігерлік қызметке, медицина қызметкерлерінің облыстық кәсіподағының төрайымы лауазымына дейін көтеріліп, кейін қалалық, облыстық маслихаттарға депутат болған кездерімнің барлығында абзал әкем маған жоғарыдан қарап, құптап, қолдап тұрғандай болады. Қай қызметте жүрсем де, әкемнің ардақты атына кір келтірмей, адал қызмет ету – парызым.
Осы ретте 2007 жылы туған елім – Байғанин халқының мені облыстық мәслихатқа депутат қылып сайлап, сенім артуын да мен әке аманаты, сол кісіге деген құрмет деп түсіндім. Ссебебі біздің ауданда Кеңес Одағының Батыры Қ.Жазықовты білмейтін, силамайтын бірде-бір адам жоқ шығар. Олай болса, халық сенімі, халық аманаты – әке сенімі, әке аманаты емес пе? Осы жылдар ішінде азды-көпті істер тындырылған сияқты. Халық өз бағасын бере жатар…
Әке туралы айтқанда, әрине, онымен 35 жыл тату-тәтті өмір кешіп, бес бала тәрбиелеп өсірген, Байғанин ауданында көп жыл ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген анамыз Қаншайым Нұрманованы еске алмау мүмкін емес. Анамыз 1995 жылы өмірден өте-өткенше балалары мен немерелеріне, қасиеті мол әке өмірінің әр белесін барынша баяндап, оларды атасының атына лайықты ұрпақ болуға баулыды. Бүгінгі күні «Орны бар – оңалар» дегендей, тұлғасы бәйтеректей әкеміздің жапырағы жайылып, кейінгі ұрпақтар оның майдан даласындағы ерен ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегін қастерлеп келеді. Оған бүгінгі Батырдың 90 жылдық мерекесінің облыс, аудан көлемінде аталып өтуі куә. Туған елі мен халқының құрметіне бөленген әкеміз Қожабай Жазықовтың есімі күн өткен сайын жарқырай түсетініне сенемін.
Ерлерін ардақтай білетін Егемен еліміз, халқымыз аман болсын!
*****
Мақпал Жазықова
Мақтанышым — ардағым
Биылғы жылдың қоңыр күзінде арайлы Ақтөбе жері Ұлы Отан соғысының қан майдандарында ерліктің ғажайып үлгілерін көрсеткен халқымыздың Батыр ұлдарының бірі, Жем-Сағыз топырағының перзенті Қожабай Жазықұлының 90 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалу үстінде. Облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, Батыр есімімен аталатын Кемершідегі мектеп жаңадан салынып, қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі халқының Батырына деген құрметі емес пе! Қарап отырсақ, бұл білім ордасы ауылдағы ең салтанатты, ең көрікті ғимарат қана емес, жаңалық пен жақсылыққа жаны құмар зиялы ауыл азаматтарының бас қосар жері болатын сияқты! Балалар мен жастардың жанашыры, табиғатынан ұстаз әкеміз дәл осы сәтте, осы бір әсем ғимаратта білім алып жатқан жерлестерін көрсе, ерекше бір бақытқа бөленері анық. Себебі ол сонау қар жамылған майдан даласында оқ пен оттың астында жүргенде де, кейін елге аман оралған, бейбіт кезеңде Жарқамыс пен Абайдағы кішкентай мектептерде ұландарға білім нәрін сеуіп жүргенде де осындай мектепті аңсағаны сөзсіз. Олай болса, ауыл халқының игілігі үшін пайдалануға берілгелі отырған, Қожабай Жазықұлы атындагы мектеп үйінің алдында әкеміздің ескерткішін орнатуды Батыр ұрпақтары балаларының перзенттік парызы деп санап, осы бір қасиетті шараны жүзеге асыруды қыс айларында-ақ бастап кеткенбіз. Облысымызға танымал мүсінші ағамыз Жәдігер Кенбайдың жобасымен дайындалған бұл ескерткіш жастарды білім жолына шақырып қана қоймай, Отанымыздың жарқын болашағы үшін күрескен Жем бойының қаһарман ұлының ерлігіне тағзым етер қасиетті орын болады деген сенімдеміз.
Байғанин топырағында туып-өскен қарапайым шаруа баласы ұстаздық мамандықты соғыс басталмастан бұрын-ақ таңдап үлгерген екен. Көп жылдық тарихы бар Ақтөбе педагогикалық училищесінде оқи жүріп, өзінің сұрауы бойынша ауданның ең шалғай аймағында орналасқан Аманкелді орта мектебінде мұғалім болып өзінің еңбек жолын бастағаны да өмірбаян деректерінде келтірілген. Әкеміздің осы таңдауы өмірлік таңдау болғаны анық, себебі соғыстан кейін елге Батыр атанып оралған кезде де оның барлық саналы ғұмыры ағарту, халыққа білім беру, тәрбиелеу мәселелерімен тығыз байланысты болды. Уақыт елегіне салып, өткенге ой жүгірте қарасақ, әкеміз тіпті балаларын да осы мамандыққа баулып, оның қыр-сырын үйретуге тырысқан ба дерсің? Олай дейтінім, әкем қанша жерден жұмыс басты болып жатса да, менен мектепте қай мұғалімнің қай сабақтан беретінін, қазіргі уақытта белгілі бір пәннен, мысалы, географиядан не өтіп жатқанымызды сұрап, күнделігімізге қойылған бағаларды қарап шығуға уақыт табатын. Ата-аналар жиналысына міндетті түрде қатысатыны да есімде қалыпты. Тіпті біздерге алдын-ала айтпай-ақ, сабағымызға кіріп жүрген кездері де болатын. Мысалы, бастауышта, ұмытпасам, 3-сыныпта оқып жүргенде болуы керек, қазақ тілі сабағынан өтейін деп жатқан сынақхатқа қатысып, оны қатесіз жазып шыққанымды көріп, әкем мен Дәриға апайдан мақтау алғаным есімде.
Жалпы, әкем соғыс туралы айтуды онша ұната бермейтін. Бұл туралы сұрай қалсаң, нақты соғыс операциялары туралы емес, оқ пен түтінге толы сұрапыл арасындағы бір сәт тыныштық кезінде болып тұратын қызық оқиғалар туралы айтатын: « — Бірде, мен дала кухнясында аспазға көмекші болып кезекшілік еттім, — деп бастады бірде әңгімесін әкем. – Бастығым мені біз орналасқан жерден он шақырымдай жердегі кухнядан тамақ әкелуге жұмсады. Жұмсаған жеріне барып, жауынгерлерге дайындалған тамақты салып алып, кетейін деп тұрсам, бір топ адам бір қазанның айналасына жиналып, бір қызыл сұйық нәрсені тамақтарының үстіне құйып жатыр екен. Бір жауынгерден «Бұл не?» деп сұрасам, «Тамақтың дәмін келтіреді», — деп жауап берді. Онда біздің жігіттерге де ұнауы керек деп ойлап, сол сұйықтықты алып келе жатқан тамағымның үстіне толтырып құйып алдым. Мәз боп келемін. Бірақ тамақты іше бастаған жігіттер бірінен соң бірі ашу шақырып, тіпті ұрыса бастады. Сөйтсем, бұл сұйықтық тамаққа өте көп салынса, ащы болып, ішкізбейтін қазіргі біз қолданып жүрген томат екен ғой. Ауылда туып, томат көрмей өскен қазақтың қарапайым баласы оны қайдан білсін? Қарулас жолдастарымнан қатты қысылып, алдарында ұятты болдым және оларды аш қалдырғаным тағы бар. Сөйтіп, қысылып тұрғанымда, аспазшы, орта жасқа келіп қалған өзбек жігіті есіме түсе кетіп, солай қарай қайта шаптым. Соның көмегінің арқасында жолдастарыма бір көлемді, біраз адамды тойдыратын шошқаның майын алып келдім. Жаңа ғана ренжіп отырған достарым арқамнан қағып, қуанып жатыр. Өмір мен өлім алысқан майдан даласында болып тұратын осындай оқиғалар біздің жауынгерлік достығымызды шыңдай түскені анық.
Әкем өмірінің соңғы күндеріне дейін еңбектен қол үзген жоқ. Ұстаздықтан басталған еңбек жолы кейін партия, совет, кәсіподақ органдарындағы қызметке ұласты. Бірақ қай салада еңбек етсе де, қандай жұмыс тапсырылса да, өзінің табиғаты ұстаз болғандықтан болуы керек, әкем мейірімді, қарапайым, сабырлы да салиқалы қалпынан айнымағаны анық. Оған әкем туралы замандастары мен шәкірттері жазған естеліктерді оқи отырып көзім әбден жетті. Әкем туралы естелік жазушылар арасында елге танымал, әр жылдары басшы қызметтерде болған азаматтар да, қарапайым еңбек және соғыс ардагерлері де, ірі ақындар мен ғалымдар да бар. Олардың Кеңес Одағының Батыры, елдің ардақты азаматы Қ.Жазықов бойындағы адами, абзал қасиеттер туралы естеліктерін оқи отырып, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Бұл мақтаныш – батырын ардақтаған елге деген сүйіспеншіліктен туған перзенттік мақтаныш! Халқы, Елі, Туған жері тұрғанда әке атының мәңгілік екендігін сезінгеннен туған мақтаныш! Олай болса, Батырын қадірлеген халқымыз, еліміз аман болсын! Егемен Қазақстанымыздың аспанында тек бейбіт күн болсын!
*****
Жарылғап Қарасаев
ҚР білім беру ісінің үздігі
Батыр аға жайлы бір ауыз сөз
Әдетте, белгілі бір тұлға жайында қатарлары, тұстастары естелік жазады, ал уақыт өте келе олар да азайып, жазу кезегі інілеріне, не шәкірттеріне де тиетіні бар. Мұның өзі табиғи нәрсе, заңды құбылыс. Ендеше, бүгінде жасы тоқсанға толған, есімі елімізге мәшһүр батыр ағамыз жайында аз-кем толғасақ, оның еш ерсілігі жоқ сияқты…
…Байғанин ауданының Қарауылкелді деп аталатын ауылын Оңтүстік батыстан Солтүстік шығысқа қарай Атырау-Ор темір жолы жарып өтеді. Сол шойын жолдың батыс жағындағы ұзын көшенің бас жағында 20-30 үйлі Майтүбек деген ауыл болатын. Әлі де бар. Сол ауылда бала кезімізде көргендеріміз әлі күнге көз алдымызда. Біздің ауламызға үлкендер жиі жиналатын-ды. Әбіш, Молдақұл, Құрман, Қоғабай, Асар, Қасым, Құраған – ауыл ағалары — бәрі отырып, әңгіме-дүкен құратын. Ара-тұра үйге жасы отыз бестер шамасында болса да, шашы бурылданып үлгерген, орта бойлы, мығым денелі, әдеміше келген жігіт ағасы да келіп тұрушы еді. Кейде ол кісінің үстінде ақсары жібектен қонымды тігілген китель болатын, ал сол жақ омырауында Алтын жұлдыз жарқырайтын. Біздер бала болсақ та, әлгі Алтын жұлдыздың тегін нәрсе еместігін түсінетінбіз де, қызыға қарайтынбыз.
Алтын жұлдызды жігіт ағасы Кеңес Одағының Батыры Қожағали Жазықов болатын. Сол кездің өзінде (әлі бала кезіміз ғой) ол кісі бізге мейірімі мол, жылы шырайлы, иі жұмсақ болып көрінетін, алайда отты жанары мен шымыр тұлғасы сұсты болмаса да, байсалды жүзінен қайсарлық пен қайрат-жігер, табандылық мол байқалатын.
Ұмытпасам, елуінші жылдардың ортасы болуы керек, Қожағали ағай мен Қаншайым апай екеуі ауылдағы орта мектепте сабақ берді. Олардың әсем де кең үйіне ауыл балалары Шынар, Өсербай, Беркіндер бар, жиналушы едік, өйткені ағайдың үлкен ұлы Балғали мен жақын інісінің баласы Серік бізбен тұрғылас, құрдас. Сол жылы олар аудан орталығы Жарқамысқа көшіп кетті де, Қожекең салған жаңа үйде ағасы Молдақұл мен жеңгесі Ажар, інілері Бақтығали, Шопен (біз оны Шопыр дейтінбіз) қалды, ескі үйін жиені Базарбай иемденді.
Одан кейін де ағамызды оқта-текте көріп тұрдық. Олай дейтінім, Қожекең қызмет бабымен Қарауылкелдіге жиі келетін еді, ағасы Молдақұлдың үйіне түсетін, ал Молдақұл атамыз бізбен іргелес. Келген сайын батыр ағамыз біздің әкемізбен әңгімелесіп кететін-ді.
Алпыс бесінші жылы аудан орталығы Қарауылкелдіге көшіп, Қожағали аға отбасымен Майтүбектегі үйіне орналасты. Енді ағамызды күнде көретін болдық. Балғалимен сірә да бірге жүрдік, екеуміз әлі күнге доспыз.
Жетпісінші жылдың жазында мен педпрактикаға Ақтам ауылындағы пионер лагеріне келдім. Лагерді ұйымдастырушы Қожекең еді, ол кезде ағамыз ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы болатын. Сонда ол кісі қасына лагер бастығы Жәрмөңке ағайды және мені ертіп жүріп, лагер орналасқан «Ақжар» кеңшарының басшыларымен қажетті нәрселер туралы жеке-жеке сөйлесіп, айтқанына көндіретін. Сондағы байқағаным, бұл кісінің кіммен болса да, жылы сөйлесетіні, алдымен жай-күйін, үй ішінің, туыстарының амандығын сұраудан бастап, біраз сөз жағалатып барып шаруасын айтады екен. Сөйтіп, лагерге қажетті аспаз, қоймашы, дене тәрбиесі маманын, музыкантты, дәрігерді өзі тапты. Мен сол кезде: «Апырай, бұл кісінің айтқанын кім-кім де көп үгітсіз тыңдайды емес пе, Қожекең неге соншама уақытын жібереді?», — деп қатты таң қалатын едім. Сөйтсем, ағамыз жұмысқа үгіттей отырып, міндеті мен жауапкершілігін де түсіндіреді екен ғой. Және қандай сөзбен? Осыдан-ақ ағамыздың мол адамгершілігі мен парасаттылығын, ұлағаттылығын ұғынғандай болдық. Бұл кезең Батыр ағамызбен қызметтес болудың басы еді.
Жетпісінші жылдардың аяғында мен аудандық оқу бөліміне қызметке ауыстым. Қожекең ол кезде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық салаларына басшылық етеді. Мен аудандық оқу бөлімінде жастарды кәсіби бағдарлау, жалпы тәрбиелеу мәселелерімен айналыстым, аудандық атқару комитеті жанындағы жастар ісі жөніндегі комиссияның мүшесі болдым, ал Қожекең осы комиссияға жетекшілік ететін-ді. Комиссия отырысы аптасына бір рет шақырылады да, сан түрлі мәселелер қаралады. Оны қағаздайтын мен, әрине, Қожекеңнің нұсқауымен. Батыр ағамызбен қызмет бабындағы қарым-қатынасымыз жиілей түсті. Комиссия отырысында тентек балалардың ісі жиі қаралады. Арамызда милиция өкілі, прокурор, басқа да сұсты азаматтар бар. Комиссияға келетіндер небір басбұзарлардың өздері, бірақ қанша айтқанмен бала емес пе, мансапты, сұсты кісілерді көргенде, жасып-ақ қалатын. Жуасып қалған тентектерді комиссия мүшелері жерден алып, жерге салып, сөгіп жатқанда, Қожекең олармен жұмсақ қана сөйлесіп, «қарағым», «шырағым» деп отырып-ақ жөнге салатын. Тіпті арасында анда-санда, сирек кездесетін қағынғандарын да Қожекең икемге келтіретін еді. Біз батыр аға сөздерінің балаға қаншалықты әсер ететініне таң қалушы едік те, өзіміздің қызбалығымыз бен бос әкіреңімізге ұялатынбыз. Ағамыз туа біткен педагог па, әлде өзінің бекзаттығы мен дегдарлығы ма, оны айыра алмайтынбыз. Сірә, осы қасиеттердің бәрі де ағамызға тән болса керек. Комиссия отырысынан соң тиісті адамдарды алып қалып, тәрбие жұмысын күшейту туралы нұсқаулар беруші еді. Сол айтқан ақылынан ақсақалдық, ұстаздық өнеге лебі есіп, сөздері көкейіңе қона кететін. Комиссия мүшелері тараған соң: «Ал, Жарылғап, енді бұларды қағаздап тастайық, сосын облысқа өткен айдағы жұмыс жөнінде хабарлама жаз», — дейтін. Ол кезде аудандағы іс қағаздары қазақша жүрсе де, облысқа кететін құжаттар орысша толтырылатын. «Орысша жазайын ба?» — деген сұраққа: «Қазақша жаз. Түсінсе — түсінер, түсінбесе, обалдары өздеріне!» — деуші еді. Мұның әр жағында үлкен патриотизм мен шовинистік саясатқа деген қарсылығын аңғару қиын болмайтын.
Қожағали аға Байғанин ауданының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Жоғарыда айттық, аудандағы алғашқы пионер лагерін ұйымдастырған сол кісі еді. Қожекеңнің тікелей араласуымен немесе басшылығымен аудандағы біраз орталау мектептер орта мектеп болып қайта құрылды. Мысалы, Көкбұлақ сегіз жылдық мектебін орта мектепке айналдыру жолында қаншама еңбектенгеніне өзім куәмін. Ол мектептерді, бала бақшаларын, интернаттарды жиі аралап тұратын. Әсіресе, бала бақшалары мен интернаттарда балалардың тамақтануы, тынығуы мен спортпен шұғылдануының жайын егжейлі-тегжейлі сұрастыратын. Бүлдіршіндермен де, оқушылармен де, мұғалімдермен де, тәрбиешілермен де қатарынша әңгімелесіп, жай-күйлерін сұрап отыратын. Қожекеңнің тікелей араласуымен Байғанин ауданы тұрғындары көгілдір экранды тамашалау мүмкіндігіне ие болды, аудандық мәдениет үйі, кинотеатр, ауылдық клубтар салынды, музыка, спорт мектептері ашылып, мәдениет пен спорт, білім беру салаларында айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді.
Әлгінде айтқан комиссия отырысынан кейінгі сәттерде, немесе бірге іссапарда болған шақтарда Батыр ағамыз өткен-кеткеннен әңгіме қозғайтын. Сонда аңғарғаным, бұл кісінің көрген-түйгені мол, оқыған-тоқығаны да көп болатын. Кім қай тақырыпқа әңгіме қозғаса да, сол салада өз пікірін үлкен біліктілікпен, қажетіне орай, ғылыми деректерге негіздей отырып, қосатын. Көрші ретінде де, қызмет бабында да Қожекеңнің үлкен білімді, ұлағатты жан екендігіне талай рет көзім жеткен еді.
Ол өте қарапайым жан болатын. Мен батырмын, пәленмін, түгенмін деп кеуде кергенін ешкім де көрмеген болуы тиіс. Тіпті үлкендігін, қызмет жағдайын бұлдағанын да көргенім жоқ. Талай жиналыста сөйлегенін естідім, қағазға қарамай-ақ ойын қарапайым сөздермен дәл жеткізетін. Жоғарыда айтқан болуым керек, баламен балаша, әркіммен қатарынша сөйлесетін. Бала кездегіден кейін, ол кісінің Кеңестер Одағы Батырының Алтын Жұлдызын, басқа да ордендерін (ал ол кісіде Ленин, Қызыл Ту, Даңқ ордендері сияқты наградалары жетерлік еді) тағып, көп алдына шыққанын және көрмедім.
Тау алыстаған сайын, биіктей түседі. Қожекеңнің арамыздан кеткеніне де отыз жылдай болып қалды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, сол бәлен жыл Майтүбекте көрші тұрғанымызда, иә бірге қызметтес кезімізде оның өмір жолы, ерлік жолы туралы сұрамағаныма өкінемін. Оған жастық себеп болды ма, әлде жасқаншақтықтың кесірі тиді ме, біле алмадым. Шамасы, қазақи тәрбиенің әсері болуы да мүмкін, яғни «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген қағиданы ұстансам керек.
Қожағали Жазықовтың ерлік жолы турасында талай рет баспасөз беттерінде очерк, жарияланымдар жарық көрді, ол кісінің ерлік істері бүгінгі ұрпақ есінде. Бірақ неге екенін білмеймін, оның соғыстан кейінгі өмірі туралы қалам тербеп жүргендер жоқтың қасы. Ол мектепте директор да болды, аудандық мәдениет бөлімін де басқарды ғой, аудан орталығы Жарқамыста тұрғанда. Сол кезде талай істерге жетекші болғаны және де рас, солар туралы есте қалғандарды жазатын адам табылып, жазғаны жарық көрсе, бүгінгі ұрпақ үшін ол да өнеге емес пе?
Қ.Жазықовтың есімімен Ақтөбеде, Қарауылкелдіде көше, туған ауылында мектеп аталады. Кеңес Одағының Батырлары көп емес, сондықтан оның облыс, аудан орталығында ескерткішін ашса, немесе есімімен бір ауылды атаса, артық етпейтін сияқты.
Иә, «Ер есімі – ел есінде» деп атам қазақ ықылым замандарда айтып кеткен екен. Жақында Қожекеңнің туғанына 90 жыл толады, келешекте 100, 200 жыл да толар, бірақ Батыр есімі ұрпақтан ұрпаққа ауысып, ұмытылмасына сенімім мол.
Открыть материалы в Облаке
https://cloud.mail.ru/public/HBsH/AVJjrBU9m
или
https://drive.google.com/drive/folders/1QbaGOCiepxyKal5E4j7E2MX_xhf8LzXh?usp=sharing
Комментарии
Герой Советского Союза Кожабай Жазыков — Комментариев нет
HTML tags allowed in your comment: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>